Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ботаникалық бақ» ғылыми-зерттеу институтында қызғалдақтар қауызын ашты. 2022-2024 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы аясында «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп, қолданысқа енгізу» ғылыми жобасы жүзеге асырылды.
Аталған жоба шеңберінде қызғалдақтың жерсіндірілген және перспективті сұрыптарын өндіріске енгізуге ғылыми негіз қалыптастырылып, селекциялық жұмыстарға арналған бастапқы материалдар қоры жасақталған
Қазіргі уақытта ботаникалық бақтың жылыжайында қызғалдақ өсіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Биыл қызғалдақтың 7 түрлі сұрыпынан 7000 дана пиязшық отырғызылған. Мамандардың айтуынша, биылғы маусымның ерекшелігі – бұған дейін қызғалдақтарды ғылыми зерттеу тобы өсіріп келген болса, осы жылы ботаникалық бақтың жұмысшы мамандары өсіріп шыққан. Бұл ғылыми әзірлемелердің тәжірибелік деңгейде тиімді игерілгенін және технологиялардың тұрақты түрде өндірістік үдеріске енгізілгенін көрсетеді.
