ТҮРКІСТАНДЫҚ АЙДАРБЕК ТОҚТАРБЕК – ЖАЗҒЫ СУРДОЛИМПИАДАНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан Жазғы Сурдолимпиада ойындары Қазақстан құрамасы үшін сәтті басталды. Әсіресе дзюдо спорт түрінен қатысып жатқан ұлттық құрама мүшелері алғашқы күннен-ақ жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатуда.

Осындай айқын жеңістерімен көзге түскен спортшылардың бірі – Түркістан облысының тумасы, Қазақстан құрамасының дзюдошысы Айдарбек Тоқтарбек. Ол 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тамаша белдесулер өткізіп, Сурдолимпиада ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Спортшы финалға дейін барлық қарсыласын сенімді түрде ұтып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Белдесу барысында төзімділігімен, шеберлігімен және тактикалық сауатты қимылдарымен ерекшеленген Айдарбек бұл жетістігі арқылы ел спортының дамуына өзіндік үлес қосты.

Финалдық кездесу де тартысты өтті. Қарсыластардың шеберлігі жоғары болғанымен, Айдарбек соңғы сәтке дейін жеңіс үшін күресіп, күміс жүлдені көңілге қонымды нәтижемен қорытындылады. Бұл жүлде – спортшының ұзақ жылдық еңбегі мен табанды жаттығуларының жемісі екенін атап өту қажет.

Айта кетейік, Сурдолимпиаданың алғашқы жарыс күнінде Түркістан облысының тағы бір өкілі – Қуандық Шадияр 73 келі салмақ дәрежесінде ел намысын абыроймен қорғап, алтын медаль иегері атанған болатын. Оның жеңісі Қазақстан құрамасының жалпы нәтижесін нығайтып, ұлттық командаға ерекше серпін берді.

Түркістандық спортшылардың осындай табыстары өңірдегі спорт саласының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту және дарынды спортшыларды қолдау бағытындағы жұмыстар өз жемісін беруде. Облыс атынан сынға түсіп жүрген спортшылардың халықаралық аренадағы табыстары өңірдің абыройын арттырып, жаңа буынға үлгі болары сөзсіз.

Жапонияда өтіп жатқан дүбірлі дода алда әлі бірнеше күнге жалғасады. Қазақстан құрамасы мен Түркістан облысының спортшылары келесі сында да жоғары нәтиже көрсетеді деген сенім бар. Ұлттық құраманың әрбір жетістігі – ел спортының жаңа белесі және халықаралық аренадағы беделінің артуына ықпал ететін маңызды фактор.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысы мен Хэйлунцзян провинциясы арасында іскерлік-экономикалық байланысты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды

Альфия Адамбек

Шардарада аудандық маңызды жолдың құрылыс жұмыстары басталды

Мақтааралда тазалыққа жаңа серпін: коммуналдық салаға заманауи техника берілді

berdaly_oraz