Сурет:ЖИ
Түркістан облысында полиция департаментінің үш қызметкері қызметінен босатылып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Egov.Press Telegram-арнасы дереккөзге сілтеме жасап KazTag агенттігі хабарлады,деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Ақпаратта аталған полиция қызметкерлері зорлау қылмысына қатысы болуы мүмкін деген күдікке ілінгені айтылған. Осы жайтқа байланысты агенттік Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдаған.
ІІМ мәліметінше, Түркістан қаласының 18 жастағы тұрғынының арызы негізінде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Ведомство күдікті ретінде полицияның бұрынғы қызметкерлерінің ықтимал қатыстылығы тексеріліп жатқанын растады.
«Полицияның бұрынғы қызметкерлерінің ықтимал қатыстылығы туралы ақпарат толық көлемде тексеріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында оқиғаға қағидатты құқықтық баға берілетін болады. Қызметтік тексеру нәтижесінде аталған қызметкерлер ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіргені үшін теріс себептермен жұмыстан босатылды», – деп хабарлады ІІМ.
