Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында республикалық жұмыс тобы Түркістан облысына келді. Республикалық топ құрамында ҚР Құрылтайының депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев, ҚР
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев бар. Жұмыс сапары аясында республикалық жұмыс тобы Түркістан қаласындағы бірқатар әлеуметтік және қоғамдық нысандарға барып, азаматтық қоғам өкілдерімен, ғылыми қауымдастықпен, студенттермен, қала тұрғындарымен және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Одан кейін жұмыс тобы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ға барып, оқу ордасының ғылыми қоғамдастығы мен оқытушы-профессорлар құрамымен кездесу өтті. Жиында білім мен ғылымды дамыту, ғылыми әлеуетті арттыру, қоғамдық келісім, аграрлық секторды жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағыттары сөз болды. Одан кейін жұмысшы топ өкілдері шаһардағы «Ұлы Дала елі» орталығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының
Жолдауындағы басымдықтар түсіндіріліп, жастардың ел дамуына қосар үлесі, азаматтық жауапкершілік, ұлттық бірлік, ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді басқару мәселелері талқыланады. Студенттер жиын барысында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
