ТҮРКІСТАНҒА ТУРИСТЕР АҒЫНЫ АРТТЫ: ӨҢІРГЕ КЕЛГЕН САЯХАТШЫЛАР САНЫ 43,4 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

Түркістан облысында туризм саласы қарқынды дамып, өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жаңа серпін алды. Тарихи-мәдени мұраларды дәріптеу, заманауи демалыс орындарын ашу, қонақ үй инфрақұрылымын кеңейту және туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде өңірге келетін саяхатшылар саны артып, туризм саласына тартылатын инвестиция көлемі де ұлғайып келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауында. Өңір басшылығы туризмді экономиканың маңызды салаларының бірі ретінде дамытып, Түркістанды халықаралық деңгейдегі тартымды туристік орталыққа айналдыруға басымдық беріп отыр.

2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Түркістан облысына 217 мыңға жуық турист келген. Оның 11 338-і – шетелдік, 205 426-сы отандық саяхатшы. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,4 пайызға жоғары. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырғы алты айда өңірге 151 мыңға жуық турист келген.

Туристер санының артуымен қатар, саланың экономикалық көрсеткіштері де жақсарған. Саяхатшылардан түскен табыс 6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңіндегі 4 млрд теңгемен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Ал 2026 жылдың тоғыз айында туризм саласына 83 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өңірде туристік инфрақұрылымды дамытуға деген кәсіпкерлік қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.

Туристік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында облыста жаңа нысандар пайдалануға беріліп, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.

Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Қолөнершілер орталығы» ашылып, ұлттық қолөнерді дәріптеу мен туристерге өңірдің мәдени ерекшелігін таныстыруға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар Төлеби ауданында «Paradise Villas», Түркістан қаласында «Medina Palace» қонақ үй кешендері іске қосылды.

Биыл облыста жалпы құны 13,7 млрд теңгені құрайтын 25 туристік инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Солардың бірі – Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекеніндегі «Khantau» демалыс аймағы. Құны 1 млрд теңгені құрайтын нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа демалыс орны тұрғындар мен өңір қонақтарының табиғат аясында тынығуына мүмкіндік береді.

Түркістан қаласында туристік қызмет түрлерін көбейтуге бағытталған ірі жобалар қолға алынған. Қазіргі таңда аумағы 12 гектарды құрайтын, инвестициялық құны 10 млрд теңгелік заманауи аквапарк кешенінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Аталған жоба Түркістанның демалыс және ойын-сауық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Аквапарк іске қосылғаннан кейін қала тұрғындары мен туристер үшін қосымша демалыс мүмкіндіктері қалыптасып, туристік қызмет көрсету нарығы кеңейе түспек.

Сонымен қатар қаланың тарихи келбетін сақтап, мәдени мұрасын кеңінен таныту мақсатында Күлтөбе қалашығын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Тарихи нысанның туристік әлеуетін арттыру арқылы келушілерге көне Түркістанның тарихымен тереңірек танысуға жағдай жасау көзделген.

Бұдан бөлек, «Yassy Hall Apartments» қонақ үй кешенінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл да қаладағы туристерді орналастыру мүмкіндіктерін кеңейтіп, қонақ үй қызметінің сапасын арттыруға ықпал етеді.

ТҮРКІСТАН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛУДА

Түркістанның туристік әлеуеті тек жаңа ғимараттар мен демалыс орындарын салумен шектелмейді. Өңірде тарихи-мәдени, зиярат ету, экологиялық, этнографиялық және заманауи демалыс туризмін қатар дамытуға басымдық беріліп отыр.

Әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Түркістан қалашығы, Отырар қалашығы, Арыстанбаб кесенесі, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі секілді тарихи және табиғи нысандар өңірдің туристік картасында ерекше орын алады. Бұл бағыттар ішкі туризмді дамытумен қатар, шетелдік саяхатшыларды тартуға да зор мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде туристік бағыттарды әртараптандыру, халықаралық туроператорлармен байланысты нығайту, туристік нысандардың қолжетімділігін арттыру және қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстары жалғасын табады.

Айта кетейік, Түркістан қаласының 2027 жылы Ислам әлемінің мәдени астанасы атануы да өңір туризмі үшін маңызды мүмкіндік болмақ. Осыған орай халықаралық мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, туристік маршруттарды кеңейту және шетелдік қонақтарды қабылдауға дайындық жұмыстарының маңызы арта түседі.

Жалпы, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық бастамалар Түркістан облысының туристік тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және өңір экономикасына қосымша серпін беруге ықпал етеді. Басты мақсат – Түркістанды тек тарихи мұраларымен танымал мекен емес, жыл он екі ай бойы туристерді қабылдайтын, халықаралық деңгейдегі заманауи туристік орталыққа айналдыру.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Келесте жібек құртын өндіру жобасы іске қосылады

30 тамызға дейін: қазақстандықтар Ыстықкөлге тікелей ұша алады

Redaktor Arysinfo

Қазығұртта жастар Өгем өзені жағалауына сенбілік жұмыстарын жүргізді