ТҮРКІСТАННЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ: ТАРИХИ МҰРА – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қызмет көрсету саласының әлеуетін арттыру міндеттері айқындалған. Осы бағытта Түркістан облысының туристік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – өңір экономикасын дамытудың маңызды тетіктерінің бірі.

Түркістан – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның тарихи-мәдени орталықтарының бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Арыстанбаб кесенесі, Сауран қалашығы секілді тарихи нысандар өңірдің халықаралық туристік тартымдылығын арттырып отыр. Сонымен қатар облыстың табиғи ландшафтары, тарихи мекендері мен ұлттық мәдениеті этнографиялық, экологиялық және зиярат ету туризмін дамытуға кең мүмкіндік береді.

Туристік саладағы көрсеткіштер де оң динамиканы байқатады. 2025 жылы облысқа келген туристер саны шамамен 304 мың адамды құраса, 2026 жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш 143 мыңнан асты. Бұл өңірге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Әрине, туристер санын көбейту ғана емес, олардың өңірде болу уақытын ұзарту, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту және туристік шығын көлемін арттыру да маңызды.

Туризмнің экономикалық тиімділігі оның өзге салалармен тығыз байланысынан көрінеді. Саяхатшылар санының өсуі қонақүйлер мен демалыс орындарының жұмысына, қоғамдық тамақтану қызметіне, көлік қатынасына, экскурсиялық бағыттарға, қолөнер мен сауда саласына тікелей әсер етеді. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік дамып, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылады.

Дегенмен туристік әлеуетті толық пайдалану үшін бірқатар бағытқа басымдық беру қажет. Ең алдымен, тарихи нысандарға апаратын жолдардың сапасын жақсартып, санитарлық-гигиеналық орындар, демалыс аймақтары, ақпараттық орталықтар мен туристерге арналған навигациялық жүйелерді дамыту маңызды. Сондай-ақ аудандардағы тарихи және табиғи нысандарды біртұтас туристік маршруттарға біріктіру қажет.

Екінші маңызды мәселе – қызмет көрсету сапасы мен кадр даярлау. Туристермен жұмыс істейтін мамандардың тілдік біліктілігін арттыру, кәсіби гидтер даярлау, цифрлық сервистерді енгізу және халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру уақыт талабына айналды.

Сонымен қатар Түркістанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту, шетелдік туристік компаниялармен әріптестікті кеңейту және өңірдің бірыңғай туристік брендін қалыптастыру қажет. Бұл бағытта заманауи цифрлық жарнама мен әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану да өз нәтижесін береді.

Меніңше, туризмді тек тарихи ескерткіштерді таныстырумен шектеуге болмайды. Оны өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын, кәсіпкерлікті қолдайтын және ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін кешенді сала ретінде қарастыру қажет.

Түркістанның басты артықшылығы – оның терең тарихы, бай мәдениеті және табиғи ерекшелігі. Осы құндылықтарды заманауи инфрақұрылыммен, сапалы сервистік қызметпен және жүйелі инвестициялық саясатпен ұштастыра білсек, туризм өңір экономикасының тұрақты өсіміне үлес қосатын маңызды бағытқа айналады.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында елімізге импортты азайтып, экспорт көлемін арттыру бағытында жобалар жүзеге асырылады

Звезды казахстанской эстрады объединились в поддержку новой Конституции – народный гимн «Халықтың Ата Заңы»

berdaly_oraz

Түркістанда этнос жастары арасында «Бірлік» спорттық сайыстары өтті

berdaly_oraz