Түркістан облысының туристік әлеуеті халықаралық нарықта кеңінен таныстырылмақ. Өңір өкілдері Малайзияның ірі туристік ұйымдарымен кездесіп, шетелдік туристер ағынын арттыру, инвестиция тарту және тікелей әуе қатынасын дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Түркістанның тарихи-мәдени мұрасы, табиғи көрікті жерлері, тау және емдік-сауықтыру туризмі таныстырылды. Әсіресе, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі малайзиялық туристер үшін маңызды бағыт ретінде аталды. Малайзия халқының басым бөлігі мұсылман болғандықтан, Түркістанның рухани мұрасы бұл нарық үшін айрықша қызығушылық тудырып отыр.
Тараптар Түркістан мен Малайзия арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін де қарастыруға ниетті. Бұл шетелдік туристердің өңірге келуін жеңілдетіп, Түркістанның халықаралық туристік бағыт ретіндегі танымалдығын арттыруға жол ашуы мүмкін.
Сонымен қатар Малайзиядағы туристік көрме-жәрмеңкеде Түркістан облысының мүмкіндіктерін таныстыру жоспарланған. Шетелдік компаниялар Қазақстанды Орталық Азия арқылы Еуропаға және қасиетті Меккеге сапар ұйымдастыру бағытында да қарастырып отыр.
Түркістанның тарихы, рухани мұрасы мен табиғи әлеуеті енді Малайзия нарығына жол тартпақ. Бұл – өңір туризмін халықаралық деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам.
