Кәсіпкерлер күніне орай Түркістан облысында ұйымдастырылған іс-шара аясында еліміздің оннан астам өңірінен келген делегация өкілдері өңірдегі өндірістік нысандарды аралап, инвестициялық жобалармен және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы озық тәжірибелермен танысты.
Екі күнге жалғасқан іс-шараның бүгінгі бағдарламасы өндірістік нысандарды аралауға арналды. Делегация мүшелері кәсіпкерлер мен инвесторларға жасалған жағдайларды көріп, өңірдің индустриялық даму бағыттары мен өндірістік әлеуетін бағамдады.
Алдымен қонақтар «SAURAN» шағын өндірістік паркінде болды. Мұнда делегация өкілдері кәсіпорындардың жұмыс барысын көріп, көкөніс сақтау қоймасының қызметімен танысты. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын, жиһаз, өндірістік тоңазытқыш және полиэтилен пакеттерін шығаратын кәсіпорындарды аралап, өндірістік үдерістерді бақылады.
Бүгінде Түркістан облысында инвестициялық жобалардың санын арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі – жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын Өндірістік парк жобасы.
Аталған паркте 152 ғимарат салу жоспарланған. Жоба толық іске қосылғанда 308 млрд теңге жеке инвестиция тартылып, 27 млрд теңгенің импорттық тауары алмастырылады. Сонымен қатар бюджетке салынған әрбір 1 теңгеге 8,5 теңге жеке инвестиция тарту көзделген. Нәтижесінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Өндірістік парк құрылысы екі кезеңмен жүзеге асырылуда. Бірінші кезең аясында 40 ғимараттың құрылысы аяқталып, бүгінде 32 жоба іске қосылған. Олардың қатарында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылығы тракторларын, сэндвич-панельдерді, мектепке арналған, медициналық және кеңсе жиһаздарын, тоңазытқыштарды, ішкі есіктер мен дрондарды өндіретін кәсіпорындар бар.
Бұл өндіріс орындары ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ал екінші кезеңде, 2026–2027 жылдары, 70 гектар аумақта 112 ғимарат салу жоспарланып отыр. Инженерлік инфрақұрылымы тартылған, құрылысы дайын өндірістік нысандар кәсіпкерлер тарапынан жоғары қызығушылыққа ие. Бұл өз кезегінде өңірге жаңа инвестициялар тартуға және өндірістік бағыттағы кәсіпкерлікті дамытуға жол ашады.
Бұдан кейін делегация «Түркістан» шағын өндірістік паркінің жұмысымен танысты. Қонақтар кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін көріп, шағын өндірістік парктердің кәсіпкерлікті дамытудағы маңызына назар аударды.
Сондай-ақ делегация мүшелері индустриялық аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағында болып, ондағы кәсіпорындардың жұмысымен және өндірістік жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Аталған аймақтарда кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылымдық жағдайлар жасалып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қолдау көрсетілуде. Бұл өндірістік нысандардың тиімді жұмыс істеуіне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Жалпы, Түркістан облысында өндірісті дамыту, инвестиция тарту және кәсіпкерлікке қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өңірде қолға алынған өндірістік парктер мен индустриялық аймақтар жаңа жұмыс орындарын ашуға, отандық өнім көлемін ұлғайтуға және экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Еліміздің өзге өңірлерінен келген делегация өкілдерінің Түркістан облысының өндірістік нысандарымен танысуы өңірлік тәжірибе алмасуға, кәсіпкерлік байланыстарды нығайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.
