Әлеуметтік желіде танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың ел азаматтарын алаяқтардан сақтануға шақырған видеосы кеңінен тарап жатыр.
Ол әсіресе Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысында интернет және телефон арқылы әрекет ететін алаяқтардың көбейгенін айтып, қарт адамдарды сақ болуға үндеді.
«Банктенмін деп хабарласып, «құжатыңызды жіберіңіз», «СМС келеді, соны айтыңыз» деп алдайды екен. «Шотыңызды бұзайын деп жатыр», «сіздің атыңыздан кредит алып жатыр» деп сендіреді. Тіпті полицияданбыз деп, «ұлыңыз бізде отыр» деп ақша сұрайтындар бар», – деді ол үндеуінде.
Қабатовтың айтуынша, алаяқтар адамдарды шатастыру үшін қоңырау кезінде банктің немесе полицияның шуы сияқты жасанды дыбыстар қосып, шынайылық әсерін тудырады.
«Ешкімге жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірін, құпия кодын бермеңіздер. Банк те, полиция да телефон арқылы ақша сұрамайды. Сақ болайық!» – деп қорытындылады әзілкеш.
