Үздік түлектерге мемлекеттік қызметте жол ашық

Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін дамытуда жастардың рөлі ерекше. Заманауи білім мен жаңа көзқарасқа ие жас буын – мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан елімізде жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп келеді.

Бұл бастама – жастарды мемлекеттік қызметке тарту және өңірлердегі кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған тиімді құрал. Әсіресе, ауылдық елді мекендерде білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесін шешуде оның маңызы зор. Үздік түлектердің тікелей мемлекеттік қызметке келуі жергілікті басқару сапасын арттыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға жаңа мүмкіндіктер беру қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. Оның айтуынша, жастардың өмірін жақсартуға және мансаптық өсуіне арналған әлеуметтік лифттер нақты жұмыс істеуі тиіс.

Осы ретте, «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес, мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған түлектерге (GPA 3.33-тен жоғары) оқуды аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі берілген.

Бүгінде облысымызда осы мүмкіндік арқылы мемлекеттік қызметке орналасқан 76 жас маман өз білімдері мен дағдыларын тәжірибеде тиімді қолданып келеді. Олар халықпен тікелей жұмыс істей отырып, мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сезініп, кәсіби тұрғыда қалыптасуда.

Үздік түлектерге берілген бұл мүмкіндік – мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыты. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы өңірлердің дамуына серпін беріліп, мемлекеттік басқару сапасы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл – ел болашағына жасалған инвестиция әрі тұрақты дамудың берік негізі.

Қорытындылай келе, жоғары оқу орнын бітірген түлектерді мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістерді тиімді пайдаланып, ел игілігі жолында еңбек етуге шақырамыз.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Заң талабын сақтамаған 22 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарты тоқтатылды

АСТАНАДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ҰСТАНЫМДАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 200 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖАЙЫЛЫМ ЖЕР ҚОҒАМҒА БЕРІЛДІ

berdaly_oraz