Түркістан облысы Жетісай ауданындағы диқандар биылғы маусымда алғашқы қауын өнімдерін Ресейге экспорттай бастады. Аудан шаруалары 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына мақта, 16,7 мың гектарына бақша, 7,5 мың гектарына жүгері, 3,6 мың гектарына көкөніс, 6,7 мың гектарына малазықтық дақылдар еккен. Қазіргі таңда көкөністен 36 мың тонна өнім жиналып отыр.
Бақша дақылдарының ішінде қауын бірінші болып пісті. Ж.Ералиев ауылдық округіндегі шаруашылық иесі Әл-Фараби Күзенбаев «Нұр-Бакинка» мен «Дампера» сорттарын 50 гектар жерге егіп, алғашқы 100 тонна өнімін Ресейге экспорттауда. Қауынның келісін егістік басынан 400 теңгеден саудалап жатыр.
«Биыл өнім ерте пісті. Сұраныс жоғары, ағын судың қиындықтарына қарамастан, тапшылық болған жоқ. Өзіміз тиеп, тікелей шетелге жөнелтіп жатырмыз», – дейді шаруа қожалығы төрағасы.
Қауын өсірумен қатар 250 гектар алқапқа мақта еккен шаруашылық қазіргі таңда 30-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Жалақы – күніне 8-12 мың теңге. Шаруаның жоспары – әр гектардан 400 центнер өнім алу.
2023 жылы ауданда 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді-бұршақты, 67,7 мың тонна малазықтық өнім алынған.
Бердалы ОРАЗ