Сурет: Владимир Гердо / ТАСС
2026 жылдан бастап Қазақстанда жол қозғалысы ережесін бұзғандарға қолданылатын айыппұлдар өседі. Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) ұлғаюы себеп болып отыр. Соның салдарынан әкімшілік жазалар орта есеппен 10 пайызға қымбаттайды. Бұл өзгеріс көлік жүргізушілерінің шығынына тікелей әсер етпек.
Алдымен жол-көлік оқиғасына байланысты жауапкершілік күшейтіледі. Егер жүргізуші ереже бұзып, соның салдарынан көлікке, жүкке, жол инфрақұрылымына немесе өзге де мүлікке залал келтірсе, 25 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Ақшалай есептегенде бұл 108 мың теңгеден асады. Ал жол апаты кезінде адам жеңіл жарақат алса, айыппұл 40 АЕК-ке дейін өседі немесе жүргізуші 9 айға дейін көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Егер мұндай жағдайды жүргізу құқығы жоқ немесе куәлігінен айырылған адам жасаса, айыппұл мөлшері 60 АЕК-ке дейін жетеді.
Жол апатынан кейінгі әрекеттер де қатаң бақылауға алынады. Жүргізуші өзі қатысқан жол-көлік оқиғасы орнын негізсіз тастап кетсе, 50 АЕК айыппұл салынады немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Тек зардап шеккен адамды медициналық мекемеге жеткізу үшін кеткен жағдайда ғана жауапкершіліктен босатылады.
Құжат мәселесіне де ерекше назар аударылады. Егер жүргізуші куәлігін немесе көлік құжаттарын өзімен бірге алып жүрмесе, ескерту жасалады немесе 5 АЕК айыппұл қарастырылған. Ал жүргізу құқығынан айырылған адам рөлге отырса, 50 АЕК айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін.
Полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау да қатаң жазаланады. Мұндай жағдайда 40 АЕК айыппұл белгіленген. Ал көлікті тоқтатқан сәтте рұқсатсыз сыртқа шығу немесе талапты орындамау 5 АЕК айыппұлға әкеледі.
Көліктің техникалық жай-күйі мен мемлекеттік нөмірге қатысты талаптар да өзгеріссіз қалмайды. Оқылмайтын, стандартқа сай емес немесе дұрыс орнатылмаған нөмір үшін 5 АЕК айыппұл салынады. Ал тіркеуден өтпеген немесе нөмірсіз көлік басқару 10 АЕК айыппұлға соғады. Жалған немесе қолдан жасалған нөмір пайдаланғандар 15 АЕК төлейді.
Сонымен қатар техникалық талаптарға сай емес, ақауы бар немесе заңсыз қайта жабдықталған көліктер үшін 5-тен 15 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген. Техникалық байқаудан өтпеген көлік иелері де 5 АЕК көлемінде жауапкершілікке тартылады.
Жалпы, 2026 жылдан бастап жол ережесін бұзу бұрынғыдан да қымбатқа түседі. Негізгі мақсат – жүргізушілердің тәртібін күшейту және жол қауіпсіздігін арттыру. Сондықтан артық шығын мен жауапкершіліктен қашудың ең тиімді жолы – жол қозғалысы ережелерін сақтау.
