ТҮРКІСТАНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САПАСЫНА БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

«Қызыл аймақтағы» клиникалардың жұмысы қайта қаралады

Түркістанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне халықты тарту жөніндегі штаб отырысы өтіп, өңірдегі медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов төрағалық етті. Оған денсаулық сақтау саласына жауапты мамандар мен медициналық ұйымдардың басшылары қатысты.

Мәжілісте денсаулық сақтау саласының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштері сараланды. Атап айтқанда, орындалмаған жоспарлы индикаторлар, азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдары, сондай-ақ жекеменшік медициналық ұйымдардың қызмет нәтижелері қаралды.

Жиында халықпен кері байланысты күшейту мәселесіне ерекше мән берілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары медициналық ұйымдардың бірінші басшыларына азаматтардың мәселесін облыстық деңгейге жеткізбей, аудан және қала деңгейінде шешуді тапсырды. Сонымен қатар арыз-шағымдардың алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу қажеттігін атап өтті.

Мүгедектік рәсімдеу мәселесі де бақылауға алынды. Осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылау, сондай-ақ дәрігерлік-консультациялық комиссия төрағаларының қызметін қайта қарау ұсынылды.

Жиында жекеменшік медициналық ұйымдардың 2026 жылдың сегіз айындағы жұмысы да сараланды. Медициналық қызмет сапасының көрсеткіштері бойынша «қызыл аймақта» тұрған клиникалардың жұмысына ерекше назар аударылды.

Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне аталған медициналық ұйымдардың қызмет сапасына талдау жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес олардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін қайта қарау жөнінде ұсыныс енгізу міндеттелді.

Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиалына 2027 жылға медициналық ұйымдарды қаржыландыру мәселесін қарау кезінде «қызыл аймақтағы» жекеменшік клиникалардың көрсеткіштері мен қызмет сапасын ескеру тапсырылды.

Ұқсас жаңалықтар

Жамбыл облысында 3 қыз газдан уланып мерт болды

Түркістан облысында май құю бекетіндегі жарылыстан үш адам зардап шекті

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӨРЕНІ АЗАМАТ МАҚҰЛБЕКОВ ЖАҢА РЕКОРД ОРНАТТЫ

Redaktor Arysinfo