Түркістанда жаңа оқу жылында студент атанған жастарға арналған «Жарқын болашаққа қадам» атты мерекелік кеш өтті. Жаңа буын үшін бұл шара студенттік өмірдің алғашқы белесін айшықтаған ерекше кешке айналды.
Студенттік кезең – білім алып қана қоймай, мамандықты меңгеріп, кәсіби бағыт-бағдарды айқындайтын маңызды уақыт. Осыған байланысты Түркістанда жастардың сапалы білім алуына, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына және еңбек нарығына еркін араласуына басымдық беріліп келеді.
Қазіргі таңда қалада 14-35 жас аралығындағы 81 718 жас бар. Бұл – Түркістан халқының 32,8 пайызы. Қаладағы 3 жоғары оқу орнында 12 222 студент, ал 8 орта арнаулы оқу орнында 10 742 студент білім алуда.
Кеш барысында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы жаңа студенттерді маңызды кезеңге қадам басуларымен құттықтап, білімге ұмтылыс, үздіксіз ізденіс, еңбекқорлық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.
«Біз жастарды тек жұмыс іздеуші ретінде емес, жаңа жұмыс орындарын ашатын кәсіпкер, жаңа технологияны енгізетін білікті маман, қоғамның дамуына үлес қосатын белсенді азамат ретінде көргіміз келеді. Сондықтан әр жастың сапалы білім алып, өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау – маңызды міндет», – деді қала әкімі.
Жастарды қолдау жұмыстары білім берумен ғана шектелмей, оларды еңбекпен қамту бағытында да жалғасып келеді. Биыл Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарын 3 984 жас, ал орта арнаулы оқу орындарын 2 170 жас тәмамдады. Оның ішінде 1 759 жас жастар практикасы, алғашқы жұмыс орны және өзге де жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы еңбекке орналасты.
Бұл көрсеткіштер жастардың білім беру жүйесінен еңбек нарығына өтуіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Мерекелік кеште жаңа студенттер өз өнерлерін ортаға салып, ән мен биден шашу шашты. Концерттік бағдарлама жастарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың студенттік өмірдегі алғашқы қадамын жарқын әсермен бастауына мүмкіндік берді.
