Түркістан облысы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Осы орайда, халықтың баспанаға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында Сайрам ауданында жаңа шағынаудан салынбақ. Бұл мәселе облыс әкімдігінде арнайы талқыланып, тиісті ұсыныстар қарастырылды,деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманы қолдай отырып, құрылыстың сапалы әрі жүйелі жүргізілуін тапсырды. Оның айтуынша, жаңа шағынауданның дамуы үшін ең алдымен инфрақұрылымдық жүйелерді тарту маңызды.
Жаңа шағынауданның ерекшеліктері:
Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округінің 57 гектар аумағында бой көтеретін шағынаудан заманауи талаптарға сай салынады. Мұнда:
5 қабатты 47 тұрғын үй (2820 пәтер);
Ауылдық әкімшілік ғимараты;
Тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана;
Мәдениет үйі мен Жастар сарайы біріктірілген кешен;
600 орындық мектеп;
280 орындық балабақша;
6 коммерциялық нысан мен саябақ;
Мешіт салу қарастырылған.
Бұл жоба халықтың өмір сүру сапасын арттырып, тұрғын үйге мұқтаждықты азайтуға бағытталған. Аудан әкімдігі тарапынан құрылыс нысандарын инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалған.
Жаңа шағынаудан Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңір тұрғындарына қолайлы өмір сүру жағдайын жасайды.