Түркістан облысы, Отырар ауданында 7 қазан – Дүниежүзілік мақта күніне орай ауқымды «AQ-DALA» мақташылар фестивалі өтті. Іс-шарада егіс алқабына экскурсия, ауыл шаруашылығы және мақта шаруашылығына арналған техника көрмесі ұйымдастырылып, жаңа агротехнологиялар таныстырылды, деп хабарлайды Arysinfo.kz

Фестиваль мақсаты – мақта шаруашылығының өңірдегі даму тарихын, жетістіктері мен жаңалықтарын дәріптеу, жаңа технологияның қолданысын кеңейту және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында шаруаларға құрмет көрсету.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ауыл шарушалығы еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, сала үздіктерін марапаттады. Өңір басшысы:
— «Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Болашақта made in Turkestan тігін жіптері мен маталары танымал брендтерде сатылатын болады. Осы озық тәжірибе аясында өңірімізде инвестиция тарту жұмыстары жалғасын табады. Облыс әкімдігі тарапынан әрбір инвесторға қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайынбыз. Түркістан облысы ғана емес, бүкіл Қазақстан «ақ алтынмен» танылды»-деді.

Салтанатты шарада барысында бірқатар еңбек адамдарына ҚР Мемлекеттік наградалары, грамоталар мен алғыс хаттар табысталды. Марапаттау рәсімі эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. Аталған марапаттар еңбек адамын ынталандырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге септігі болмақ.

Түркістан облысының әлеуеті қандай?
▪️ Түркістан облысында 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193 мың тоннаны құрайды. Нәтижесінде, 7 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
▪️Инвестициялық жобаның негізінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 32 мың гектарға жаңа технологиямен мақта дақылы егілді. Жобаның негізгі мақсаты су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде тұтынылатын су көлемін 50% пайызға үнемдеу арқылы өнімділікті 2-3 есеге арттыру.
▪️Мемлекет тарапынан су үнемдеу технологияларын енгізуге кеткен шығындардың 80 пайызына дейін субсидиялау – шаруаларға жаңа технологияны ендіру жолындағы қолдау әрі үлкен мүмкіндік. Осы жылға жоспарланған 27 мың га орнына 59 мың га жерге су үнемдеу технологиялары ендіріліп, жоспар 2 есе артығымен орындалды. Нәтижесінде, 150 млн. текше метрден астам ағын су көлемі үнемделді.
▪️«Turan» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға бағытталған көпсалалы нысанның құрылысы жүргізілуде. Толық циклды тоқыма фабрикасында иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 8 фабриканы іске қосу жоспарланса, оның алғашқысы (жіп иіру фабрикасы) осы жылдың қараша айында жұмысын бастайды. Жылына 13 мың тонна иірімжіп, 50 млн. метр мата, 7 млн. жиынтық төсек орын шығару көзделуде.
▪️Биыл облыс шаруалары 144,5 мың гектарға мақта егіп, баптауда. Дихандар жалпы 470 мың тонна шитті мақта жинайды деп күтілуде. Түркістан облысында 25 мақта зауыты, 175 мақта қабылдау бекеті қызмет етеді.





