Тоқаев: «Ата заң – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы өз баяндамасында осыдан тура отыз жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Конституциясының қабылданғанын тарихи сәт ретінде атап өтті.

– Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. 30 жыл бұрын еліміздің Тәуелсіздігін айқындайтын ең басты құжат – Конституция қабылданды. Бұл егемендіктің жаңа белесі еді. Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі ол – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ халқының заңға құрметпен қарағанын, ар-ұяттан аттамағанын атап өтіп, дала заңдарының сабақтастығын ерекше мысал етті.
– Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес. Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ол ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының құқықтық ой-пікірді дамытуға қосқан үлесін, ал кеңестік дәуірде елдің заң жүйесінің іргетасы қаланып, білікті заңгерлер шоғыры қалыптасқанын айтты.

Президент Тоқаев Конституцияның мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие екенін тағы бір мәрте еске салып, барша қазақстандықтарды ел тарихындағы мерейлі мерекемен құттықтады.

 

Ұқсас жаңалықтар

МҚІА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ: Қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді

Redaktor Arysinfo

АЭС — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің кепілі

admin_arysinfo

Зейнеткерлерді қаржылық тығырықтан шығару жолдары ұсынылды

berdaly_oraz