Арыстың жас спортшы қыздары Алматыда өтетін Қазақстан чемпионатында өңір намысын қорғайды
Арыстың жас өрендері спорттағы жетістіктерімен тағы бір биікті бағындыруға дайын. Бұл жолы зілтемірдің салмағын сезініп, елдік додада бақ сынайтындар – Арыс қаласының қыздары.
17–24 қыркүйек аралығында Алматы қаласында 2010–2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының жеке-командалық чемпионаты өтеді. Маңызды бәсекеге Түркістан облысының жас спортшылары қатарында Арыстың намысын қорғайтын қыздар да қатысады.
Ауыр атлетика – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, спортшыдан қайсарлықты, темірдей тәртіпті, төзімділікті және үздіксіз еңбекті талап ететін спорт. Әсіресе жасөспірім қыздардың осы бағытта жоғары нәтижеге ұмтылуы – спорттағы жаңа буынның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Арыс үшін бұл жарыстың жөні бөлек. Себебі ел чемпионаты – жай ғана жүлде үшін талас емес, жас спортшылардың республикалық деңгейдегі шеберлігін сынайтын үлкен алаң. Мұнда әрбір килограммның өзі – жаттығу залындағы сансыз сағаттың, маңдай тердің және табандылықтың өлшемі.
Енді Арыс арулары зілтемірмен бірге ел үмітін де көтермек. Алматы төріндегі додада жерлестерімізге сәттілік тілейміз! Жеңіс тұғырына жол ашық болсын!
