Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары – Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге шығаруға бағытталған маңызды қадам.
14 қыркүйекте Мемлекет басшысы Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Сеулге мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында екі ел басшыларының келіссөздері өтіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері талқыланады.
Бұл сапардың салмағы – жай дипломатиялық кездесулермен шектелмейді. Қазақстан үшін Корея – технологиясы, өндірісі және инновациясы дамыған маңызды экономикалық серіктестердің бірі. Ал Сеул үшін Қазақстан – Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы жоғары мемлекет.
Сондықтан негізгі мәселе – келіссөздерден кейін нақты қандай жоба жүзеге асады?
Қазақстанға технология, инвестиция және жаңа өндірістер қажет. Кореяға сенімді серіктестік пен жаңа нарықтар қажет. Осы екі мүдде тоғысқан жағдайда энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп және жоғары технология салаларында жаңа жобаларға жол ашылуы мүмкін.
Сапар аясында 16 қыркүйекте «Орталық Азия – Корея Республикасы» алғашқы саммитінің өтуі де айрықша мәнге ие. Бұл Орталық Азия елдері мен Сеул арасындағы көпжақты байланысты жаңа деңгейге көтеретін маңызды алаң болмақ.
Ендігі міндет – саяси диалогты нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Яғни меморандумдар мен келісімдер ғана емес, жаңа кәсіпорындар, инвестициялар, технология трансфері және қазақстандық мамандарға арналған жаңа мүмкіндіктер қажет.
Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы орнаған. Содан бері екі ел арасындағы байланыс біртіндеп стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
Бүгінгі сапар сол байланыстың жаңа белесін айқындауы мүмкін. Сеулдегі келіссөздердің басты өлшемі – айтылған сөз емес, Қазақстан экономикасына әкелетін нақты нәтиже.
