Түркістан облысында елді мекендерді бас жоспармен қамту жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі таңда өңірдегі 801 елді мекеннің 794-і тиісті жоспарлау құжаттарымен қамтамасыз етілген. Қалған жеті елді мекеннің бас жоспарын 2026 жылы толық аяқтау көзделіп отыр. Осы көрсеткішпен облыс республика көлемінде алтыншы орында тұр.Сәулет және қала құрылысына қатысты өзекті мәселелер облыс әкімдігінде өткен арнайы мәжілісте талқыланды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелеуді және қарқынды жүргізуді тапсырды.
Өңір басшысы елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту барысында отандық және шетелдік озық тәжірибелерді пайдаланудың маңызын атап өтті. Аудан және қала орталықтарының урбанистикалық дамуына басымдық беріп, сәулеттік дизайн, эскиздік жобалар мен жоспарлау құжаттарын уақтылы әзірлеу, келісу және цифрлық жүйелерге енгізу қажеттігін қадап айтты.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асановтың мәліметінше, 2025–2029 жылдарға арналған жол картасы аясында 390 елді мекеннің бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған. Оның ішінде 2025 жылы – 106, 2026 жылы – 84, 2027 жылы – 76, 2028 жылы – 65, ал 2029 жылы 59 елді мекеннің құжаттары жаңартылмақ. Қазіргі таңда бірқатар елді мекенде басталған жұмыстар келесі жылға өтпелі ретінде жалғасады.
Сонымен қатар өңір аумақтарын дамытудың кешенді қала құрылысы сызбасы әзірленіп, тиісті мекемелермен келісілген. Бұл құжаттар заңсыз құрылысқа жол бермеу, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен ашықтығын арттыру, сондай-ақ қала мен ауылдардың біркелкі сәулеттік келбетін қалыптастыруға бағытталған.
Мәжіліс барысында облыс әкімі индикаторлық көрсеткіштерді орындауда кемшілікке жол берген аудан және қала басшыларының есептерін тыңдап, бірқатар елді мекендерде қосымша тексеру жүргізу туралы тапсырма берді.
