Шымкент қаласындағы білім ордаларының білім беру деңгейі мен заңбұзушылықтары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте нақты деректер айтылды. Жүргізілген тексеру нәтижелері білім беру жүйесіндегі елеулі кемшіліктерді көрсетіп отыр,деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
Білім сапасы төмен, мұғалімдердің біліктілігі жеткіліксіз
Қаладағы 70 мектептің 52-сі аттестация талаптарынан өте алмаған. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша да мәселелер бар: 579 педагог уақтылы курсқа қатыспаған, ал 130 мұғалімнің 55-і біліктілік тестінен сүрінген. Бұл педагогтардың көбі 20 жылдан астам тәжірибесі бар мамандар.
Инклюзивті білім беру қағаз жүзінде қалып отыр
Ерекше білім беру қажеттілігі бар 301 балаға жеке оқу жоспары бекітілмеген. Бұл олардың толыққанды білім алуына кедергі келтіреді.
Қауіпсіздік мәселелері де өзекті
Кейбір мектептерде дабыл түймесі мен бейнебақылау жүйелері талапқа сай емес. Сонымен қатар, кей білім ошақтарында 120-дан астам тәртіп бұзушылық фактісі тіркелген.
Мемлекеттік қаржы игерілмей жатыр
Шымкенттегі 140-тан астам мектептің 74-і мақсатты мектеп санатына кіргенімен, білім сапасы көңіл көншітпейді. Кейбір мектептерде 20-ға жуық мұғалім біліктілігін арттыру курстарынан өтпеген, ал мемлекет бөлген қаражат тиімді жұмсалмаған.
Жергілікті билік проблеманы мойындап, шешуге уәде берді. Дегенмен, білім беру саласындағы жүйесіздік пен бақылаудың әлсіздігі түлектердің болашағына алаңдаушылық тудырып тұрғандай.