9 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ЗАУЫТ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МАЛ СҮЙЕГІНЕН ҚҰНДЫ ӨНІМ ӨНДІРІЛЕДІ

Ордабасы ауданында жылына 5 мың тонна өнім өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылды. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Ордабасы ауданының Темірлан елді мекенінде ірі қара мал сүйегінен май және пептон компоненттерін өндіретін «Huating Biotechnology Co., LTD» кәсіпорны іске қосылды. Жобаға жалпы 9 млрд теңге инвестиция бағытталып, өндіріс нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Кәсіпорынның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өндіріс орнының өңір экономикасы үшін маңызын атап өтті.

Облыс басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін тек шикізат күйінде сатумен шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары тауар өндіру – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудың маңызды бағыты.

«Түркістан облысы – мал шаруашылығы жақсы дамыған өңір. Алайда біз оның әлеуетін толық пайдаланып отырған жоқпыз. Біздің міндетіміз – мал шаруашылығы өнімдерін өндірумен ғана шектелмей, оларды терең өңдеу арқылы қосымша экономикалық құндылық қалыптастыру. Бүгінгі бастама алдағы уақытта толыққанды өндіріс орнына айналып, жоба аясында тері өңдеу және желатин өндіру де жоспарлануда», – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі жобаны жүзеге асыруға атсалысқан «Huating Biotechnology» компаниясының басшылығы мен ұжымына алғысын білдіріп, кәсіпорын жұмысына сәттілік тіледі.

Жоба аясында кәсіпорынға «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы Темірлан елді мекенінен 10 гектар жер учаскесі берілген. Өндірістің бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынды.

Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 5 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді.

Алғашқы кезеңде зауытта пептон компоненттері өндірілмек. Кейін өндіріс ауқымын кеңейту арқылы желатин компоненттерін шығару және тері өңдеу бағыттарын дамыту көзделген.

«Tangshan Huating Porcelain Co., LTD» компаниясының бас директоры Чжао Сюйдун облыс әкімдігіне жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, өңірдегі өндірістік әлеуетті дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісті.

Пептон – биотехнология мен фармацевтикаға қажетті өнім

Пептон – биотехнология, микробиология және фармацевтика салаларында қолданылатын маңызды компонент. Ол микроорганизмдерді өсіруге арналған қоректік орталарды дайындауда пайдаланылады. Сондықтан бұл өнімді өндіру ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға ғана емес, өңдеу өнеркәсібінде жаңа өндірістік бағыт қалыптастыруға да мүмкіндік береді.

Мал сүйегін кәдеге жарату арқылы өндірістік маңызы бар өнім алу шикізат қалдықтарын азайтып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады.

Жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдегі инвестициялық белсенділікті арттырып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға серпін бермек.

Республика күні қарсаңында ашылған кәсіпорын Түркістан облысының өндірістік әлеуетін кеңейтуге бағытталған маңызды жобалардың біріне айналмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында 100-ден астам суару каналы жөнделмек

ЖАНКҮЙЕРЛЕРІМІЗДІҢ АСЫҒА КҮТКЕН ОЙЫНЫНА САНАУЛЫ САҒАТТАР ҚАЛДЫ

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАНДА ЕҢБЕК ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Redaktor Arysinfo