Бұл біраз адамның көкейіндегі сауал. Ал көпбатты үйде тұратын 75 жастағы кейуана Неболсина Нина әжейдің көршілерінен маза кеткені қашан. Қолаңса иіс, шыбын-шіркей, жүгірген тарақан, жыбырлаған жәндік көрші үйлерге өрмелеп жүр. Осылай деп дабыл қаққан қоңсылар жалғыз ілікті қарттың жағдайы мүшкіл, көмекке зәру екенін айтып шуласты.
Аталған мәселеге бей-жайлық танытпаған Арыстағы «Асыл жүрек» мекемесі қараусыз қалған қарттың жағдайын біліп, әлеуметтік қызметкерлер қарияның үйін тазартып, көрпе-төсегін жаңартып, жылы жұмсақ ас беріп, ардагерді ардақтай білді. Тіпті бірреттік киім-кешегін де сатып алып берген.
Мұндай қамқорлықтан тысқары қалған жалғыз ілікті қария қуаныштан көзіне жас алып, балаша қуанды. Алдағы уақытта кейуана әлеуметтік мекеменің қарауына алынып, тұрақты көмек көрсетілетін болды
Ия, әркімнің тағдыры әрқилы. Жасында еңбек етіп, қартайғанда жалғыз қалған мұндай қарттар қашанда мейірімге мұқтаж.
Қазір Арыс қаласында 140 жалғызілікті қарт бар екен. Бұл көп пе? аз ба? Бірақ білетініміз, естір құлаққа ауыр цифра.
