Арыс жастары «BIR TOLQYNDA» кешінде бас қосты

Арыс қаласында жастарға арналған ерекше кеш – «BIR TOLQYNDA: ЖАСТАР КЕШІ» өтті. Арыс қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен кеште қала әкімі Қайсар Маңқараев белсенді жастармен кездесіп, еркін пікір алмасу алаңын құрды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Кеш жастар көрмесімен басталды. «Арыс жастары – жаңа мүмкіндіктер жолында» атауымен ұйымдастырылған көрмеде жас кәсіпкерлер мен өнерлі оқушылар мен студенттер өздерінің жобаларын, қолөнер туындыларын, экологиялық және инновациялық бағыттағы өнімдерін ұсынды. Қала басшысы жастардың бастамаларын үлкен қызығушылықпен тамашалап, олардың белсенділігі мен ізденісін ерекше атап өтті.

Атап айтқанда, Байырқұм ауылындағы М.Шаханов атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Медеу Әділет адамның қатысуынсыз жұмыс істейтін автотұрақ қызметін реттейтін смарт-ғимарат жобасын таныстырды. Бірнеше байқауда үздік деп танылған жоба бүгінде ресми түрде патенттелген. Ал осы мектептің 6-сынып оқушысы Асылжан Жақсыбай қазақтың жеті ұлттық ойынына негізделген автономды робот үлгісін көрсетті. Қала әкімі қос оқушының робототехника саласындағы жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, оларды әрі қарай дамытуға шақырды.

Сондай-ақ көрмеде «Sandug. Art» шығармашылық орталығы шәкірттерінің майлы бояумен салынған суреттері мен республикаға танымал жас қолөнерші Ердәулет Жаханшаның туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеден соң қала басшысы жалынды жастармен ашық диалог алаңына жиналып, «Жастар және қала болашағы» тақырыбында пікір алмасты. Қайсар Маңқараев жастардың сұрақтарына нақты жауап беріп, олардың ұсыныстары мен идеяларын мұқият тыңдады. Көтерілген мәселелер қатарында білім, кәсіпкерлік, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, мәдениет пен салауатты өмір салты тақырыптары қамтылды.

Кештің соңғы бөлімі табиғат аясында, алау басындағы бейресми кездесумен жалғасты. «BIR TOLQYNDA» ұранымен өткен бұл бөлім – өнер мен достықтың мерекесіне айналды. Жастар өз өнерлерін ортаға салып, ән шырқап, күй тартып, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Кеш қонақтары жылы шырайлы атмосферада әңгіме-дүкен құрып, естелік суреттерге түсті.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан мектептерінде деструктивті діни ағымдардың алдын алу бойынша кездесулер өтті

berdaly_oraz

Депутаттар ғалымдармен ядролық қауіпсіздікке қатысты заң жобасын талқылады

Шерзат Полаттың өлімі: сотта айтылған маңызды жайттар

Пікір жазу