Арыс қаласында «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдама» аясында бекітілген апталық жоспардың «Қоғамға қызмет ету» бағыты бойынша мобильді топтың халықпен кездесуі өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Шараға қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов төрағалық етті. Кездесудің басты мақсаты – құқықтық мәдениетті арттырып, тұрғындарға заңнамалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу.
Мобильді топ құрамында Арыс ауданы прокурорының орынбасары Темур Әбдірахманов, аудан прокуратурасының прокуроры Қуаныш Анарбай, Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілі Мұрат Садық, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Шыңғыс Мұсаев, сондай-ақ Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Жамиля Нұржігітова сынды құқық қорғау саласының өкілдері болды.
Кездесуде алғаш сөз алған Шыңғыс Мұсаев интернет алаяқтықтың бүгінгі таңда қоғам үшін өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ол азаматтарды бейтаныс сілтемелерге өтпеуге, өз жеке деректерін күмәнді тұлғаларға бермеуге, әсіресе қаржылық операцияларға сақтықпен қарауға шақырды. Сонымен қатар соңғы уақытта кең таралған «дроппер» деген алаяқтық схемасы туралы кеңінен түсіндіріп, бұл жүйеге қалай алданбауға болатынын нақты мысалдармен жеткізді.