Арыс қаласының тұрғындары үшін биылғы Қала күні мерекесі ерекше мағыналы болды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Тұрғындар арасында экомәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» шарасы аясында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі көше», «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі мекеме» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау қаланың көркін арттырып, тұрғындар арасында көріктендіру және тазалыққа деген жауапкершілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында қала әкімі Қайсар Маңқараев үздік деп танылған үй иелері мен көше белсенділеріне қаржылай сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табыстады. Әкім өз сөзінде қаланың күннен-күнге көркейіп келе жатқанын, бұл процеске әрбір тұрғынның үлесі бар екенін ерекше атап өтті.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар өз жетістіктерін бөлісіп, болашақта да қаланы көркейтуге өз үлестерін қосуға уәде берді. Үйдің ішкі және сыртқы көрнекіліктерін жаңартып, ауласын, көшесін тазалап, көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарын жоғары дәрежеде ұйымдастырған азаматтардың тазалыққа жанашырлығы – көпке үлгі екендігі сөзсіз.
Осындай тұрғындардың ортақ күш-жігерінің арқасында қаламыз әлі талай табыстарға жететініне сенім мол.
Айта кетейік, «Үлгілі үй» байқауы жылдағы дәстүрге сай келесі жылы да өткізу жоспарланған.
