Бұл туралы бүгін Түркістанда өткен баспасөз жиынында кеңінен баяндалды. Қазақ өнерінің қарашаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры ең таңдаулы қойылымдарын киелі шаһардағы көрерменнің назарына ұсынбақ, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Баспасөз мәжілісіне Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек, театр артисі, «Құрмет» орденінің иегері Гүлшат Тұтова,
театр артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азат Сейтметов қатысты.
Театр басшысының айтуынша ғимарат күрделі жөндеуге тапсырылғаннан кейін шығармашылық ұжым республика көлемінде және алыс-жақын шетелдерге гастрольдік сапарлармен барып, өзінің бірегей жұмыстары – спектакльдерімен қалың жұртшылықты қуантуды жоспарлаған. Өнер иелерінің ендігі аялдамасы ретінде Түркістан қаласы таңдалған. Асанәлі ақсақал өмірін арнаған өнер жолынан сыр шертіп, елге келіп қуанғанын тілге тиек етті. Тарихи шаһарға байланысты естеліктерін айтып, жерлестеріне Алатаудың сәлемін жеткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдарына ерекше сапар туралы мағлұматтар айтылды. Содан соң «Ғасыр жасаған ұлт театры»тақырыбында арнайы жасақталған жылжымалы, кешенді көрме таныстырылды. Көрмеде Ұлт театрының 100 жылдығына орай 100 жәдігер қойылған.
12-15 мамыр күндері Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Түркістан музыкалық драма театрының және Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының сахналарында қала тұрғындары мен қонақтарын күтеді.
12 мамыр сағат 19:00-де Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қасіретнамасын,
13 мамыр сағат 19:00-де Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» драмасын,
14 мамыр сағат 18:30-да Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» музыкалық комедиясын,
14 мамыр сағат 21:00-де көрермен хаттары негізінде сахналанған «Сезім хаттары» лиро-эстетикалық поэтикалық кешін,
15 мамыр сағат 19:00-де Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» драмасын көрермен назарына ұсынады.