Белгілі кәсіпкер Дулат Тастекей осы жылдың 10 тамызда туылып,есімі Абай болып қойылған қазақстандықтарға 180 мың теңге сыйақы беруді уәде етті,деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.
2025 жылы қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осыған орай елімізде түрлі мәдени және ғылыми шаралар ұйымдастырылуда. Солардың бірі – кәсіпкер әрі меценат Дулат Тастекейдің бастамасы. Ол 10 тамызда туған және есімі Абай болып қойылған қазақстандықтарға 180 мың теңге көлемінде сыйақы беруді уәде етті.
Бұл бастама «ASSYLTAS» қоғамдық қорының аясында жүзеге асырылып отыр. Қордың басты мақсаты – қазақтың рухани құндылықтарын насихаттау, тарихи тұлғалардың мұрасын сақтау және өскелең ұрпаққа үлгі ету. 2025 жылды Абай жылы деп жариялаған қор ұлы ойшылдың еңбектерін зерттеу, насихаттау бағытында бірқатар жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр.
Абай Құнанбайұлы – қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы тұлға. Оның шығармалары тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат баласы үшін құнды. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде адамгершілік, білім, ғылым, еңбекқорлық сияқты мәңгілік құндылықтар дәріптелген.
Дулат Тастекейдің бұл бастамасы ел ішінде қызу талқыланып, көптеген адамдардың қызығушылығын тудырып отыр. Бұл акция тек қаржылай сыйақы ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының Абай мұрасына деген құрметін арттыруға бағытталған игі қадам деуге болады.