Қазақстанда жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа жүйе енгізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің №225-бұйрығына сәйкес, медицина қызметкерлері шақыртуларға видеожетон тағып барады.Бұны Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, бұл бастама алдымен Алматы қаласында сынақтан сәтті өтіп, жақсы нәтиже көрсеткен. «Қызметкерлер өзін қауіпсіз сезінеді, ал дөрекілік танытатындар тәртіп сақтауға мәжбүр болады. Біз бұл жобаны жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отырмыз. Әкімдіктер қаржылай қолдау көрсетуі керек», — деді министр.
Жаңа жүйе арқылы барлық шақыртулар бейнежазбаға тіркеледі. Бұл — медицина мамандарын қорғай отырып, даулы жағдайлардың алдын алуға бағытталған тиімді қадам.