Қарттық – қамқорлықты қажет ететін кезең. Арыста Қарттар күні қарсаңында алыста жүрген жерлестерін іздеп, олардың көңілін сұраған игі бастама қолға алынды.
1 қазан – Қарттар күніне орай Арыс қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғани Садықов пен Арыс қаласы Отбасын қолдау орталығының директоры Сырлыбек Мусабеков Шымкент қаласындағы Түркістан облыстық №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына арнайы барып, сонда тұрып жатқан арыстық қарияларды мерекемен құттықтады.
Қазіргі таңда аталған орталықта Арыс қаласының 9 азаматы мен 3 азаматшасы тұрып жатыр. Мерекелік кездесуде олармен емен-жарқын әңгіме өрбіп, ақсақалдар мен әжелерге жылы лебіздер айтылды.
Жақсылықтың жаршысы болған кездесуде Арыс қаласының кәсіпкерлері де қолдау білдірді. Демеушілердің көмегімен қарияларға арнайы сыйлықтар әзірленіп, тәттілер мен жеміс-жидектер табысталды. Әжелерге жылы жилеттер, ал ер азаматтарға күзгі салқыннан қорғайтын жылы спорттық киімдер сыйға тартылды.
Қарапайым ғана сыйлықтың артында үлкен ықылас жатыр. Себебі қарт адамға кейде қымбат дүниеден бұрын бір ауыз жылы сөз, көңіл бөлу, халін сұрау маңызды.
Жүздесу барысында қариялар көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Олардың әрбір сөзі – өмірден көргені мен түйгенінен туған тағылым.
Қазақ үшін үлкенге құрмет көрсету – дәстүр ғана емес, ұлттың тәрбиелік ұстанымы. Өйткені бүгінгі ұрпақтың қандай болары кешегі аға буынға көрсетілген құрметтен де көрінеді.
Қарттар – қоғамның өткенін сақтаған шежіре, бүгінге ақылын айтып, ертеңге батасын беретін асыл қазына. Сондықтан олардың жанынан табылу – бір күндік мерекелік міндет емес, адамдық парыз.
Арыстан алыста жүрген жерлестеріне жасалған бұл құрмет – соның жарқын көрінісі.
