Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінің кезекті отырысы өтті

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Кеңес төрағасы Қайрат Акеновтың модераторлығымен өткен жиынға Кеңес мүшелері, Шымкент қаласы бойынша Қазынашылық департаментінің, Құрылыс басқармасының, Қаржы басқармасының, Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшылары, кәсіпкерлер, сонымен қатар, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығының, «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаментінің жетекшілері онлайн қатысты.

Кеңес отырысында бюджетті атқарудың және кассалық қызмет көрсетудің жаңа қағидаларының мемлекеттік сатып алу саласындағы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер алдындағы қаржылық міндеттемелердің уақтылы орындалуына әсері туралы талқыланды.

«2025 жылғы 20 маусымнан бастап ҚР Қаржы министрінің «2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2025 жылғы 30 мамырдағы № 272 бұйрығы күшіне енді. Мердігердің тауарларын, жұмыстарын, қызметтерін жеткізушілермен бюджеттік есеп айырысулар енді «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі (АЖ)» цифрлық жүйесі арқылы жүргізіледі және ЭШФ АЖ-дан «Қазынашылық-клиент» АЖ-на интеграцияланғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Жаңа ережелер қабылданғаннан кейін бизнес қандай қиындықтарға тап болуы мүмкін? Кәсіпкерлерде мемлекеттік келісімшарттардың қалыпты орындалуына кедергі келтіретін бірқатар проблема туындауы мүмкін, әсіресе, құрылыс, тауарлар жеткізу және жұмыстарды орындау саласында. Қазынашылық тарапынан төлем жүргізудің кешігуі міндеттемелердің орындалуына әсер етеді және шығындарға әкеп соғады, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде инфрақұрылымдық жобалардың аяқталуына кедергі келтіреді», – деді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Майя Исаева.

Жиында бизнес-қоғамдастық өкілдері жаңа рәсімдерді бірден, жеткілікті түрде бейімдеусіз, пысықтаусыз енгізудің салдарына алаңдаушылық білдірді.

«Жаңа тәртіп бойынша біздің контрагенттермен, қызмет жеткізушілермен есеп-айырысуымыз қиындап кетті. Жаңа талап бойынша тапсырыс берушінің қаржысын алу үшін біз қазынашылық департаментіне шот-фактураларды, атқарылған жұмыс туралы актілер секілді құжаттарды өткізуіміз қажет. Ал бізге қызмет және тауар жеткізушілерге қаржы аударылмайынша, олар бұл құжаттарды бере алмайды. Сондықтан, ірі сома болғандықтан, басқа банк шоттарындағы жеке қаржымызды пайдалануға, ол жетпесе, несие алып есеп айырысуға тура келеді. Бұған қоса «Қазынашылық-клиент» АЖ ақпараттық жүйелерімен жұмыс істеуде техникалық күрделіліктер туындауда», – деді «Корпорация Береке-А» ЖШС бас директоры Еркінкүл Оспаналиева.

«Қажынашылық сүйемелдеу жобасы елімізде бірнеше жыл бұрын енгізілген. Ең алдымен сметалық құны 2 млрд теңгеден астам жобалар қазынашылық сүйемелдеуге жатты, ал былтырдан бастап өзгеріс енгізіліп, ол меже 1 млрд теңгеге түсті. Енді, 20 маусымнан бастап күшіне енген қағида бойынша құрылыс саласындағы барлық жұмыс тек қана аванстық төлем шеңберінде ғана жүзеге асырылады. Мысалы, сіздерге тапсырыс беруші тарапынан 30 пайыз аванс қаржы аударады, ол игерілген соң қаржының басқа бөлігі екінші деңгейдегі шоттарыңыз арқылы жүргізіледі», – деп түсіндірді Шымкент қалалық қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Абсадирова.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысы экономикалық өсім қарқыны бойынша алдыңғы қатарда

berdaly_oraz

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘМЕЛЕТ ЖАСҚА ТОЛҒАН АЗАМАТТАР РЕФЕРЕНДУМДА ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ

berdaly_oraz

Арыс қаласының әкімі кезекті жеке қабылдау өткізді