Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірдегі мәдениет және денсаулық сақтау салаларының өкілдерімен кездесу өткізді, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Кездесуде өңірдегі руханият, мәдениет саласына қатысты мәселелер сараланып, руханият төңірегіндегі ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Келелі басқосуды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді.
“Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы арнайы заң жобасына қол қойылды. Бұл Президентіміздің Түркістанға көрсеткен ерекше қамқорлығы мен бауырлас елдердің ынтымақтыстығын нығайтуға қосқан зор үлесі деп білеміз. Ел Президенті 2023 жылы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында «Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы» деп рухани шаһарға деген ерекше ықыласын білдірген еді. Түркі елдерінің тарихи ұстынына айналған Түркістанның рухани дамуында бүгінгі жиынның маңызы зор деп есептеймін. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толып отыр”, – деді Ертай Алтав.
Жиын барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Тұрсұн Хазіретәлі ономастика саласының өзекті мәселелері мен Түркістан облысының ономастикалық комиссияның жұмысы туралы тоқталса, Түркістан музыкалық-драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан театр саласындағы жаңалықтарға тоқталып, жаңа қойылымдар мен кино саласы туралы атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған инвестициялар, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылуына көбірек көңіл бөлу туралы сөз қозғаған болатын. Медицина саласының дамуы бойынша Түркістан қалалық емханасының бас дәрігері Райымбек Тасырбаев баяндама жасады.