Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына барып, бірқатар маңызды нысандарды аралады,-деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.Алдымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан жаңа білім беру ордасының құрылысымен танысты. Жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөліп, мектеп 2025 жылдың мамырында толық дайын болуы керек екенін қадап айтты.
Бұл заманауи мектептің құрылысын «Bazis Construction» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс 2023 жылдың тамызында басталған, қазіргі кезде 53%-ы аяқталған. 74 адам еңбек етіп жатқан нысанның жалпы алаңы – 2250 шаршы метр, ал мектепке тиесілі жер телімі – 4 гектар.
Әкімнің сапары тек құрылыс саласымен шектелген жоқ. Ол «Камилжон» шаруа қожалығына барып, қырыққабат алқабын көріп шықты. Жергілікті шаруалармен кездесіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерді тыңдады. Бұл шаруашылық 1996 жылы құрылған, жалпы 80 гектар жерді игеріп отыр. Өткен жылы қырыққабаттың 35 тоннасын жинап, Ресейге экспорттаған. 2025 жылы егістік көлемін кеңейтіп, қырыққабат пен қарбызды тамшылатып суғару әдісімен өсіруді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, облыс әкімі өңірдегі маңызды су нысандарын да назардан тыс қалдырмады. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы мен №1 су сорғы станциясының жұмысымен танысты. Каналдың 10,1 шақырымы бетондауды қажет етеді, ал вегетациялық кезеңде су тапшылығы байқалады.
Көшеров сапар барысында барлық сала бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Мектеп құрылысының сапасын бақылау, ауыл шаруашылығын дамыту, ирригациялық жүйелерді жетілдіру – басты назарда.