Сайрам ауданында жүк көліктеріне автоматты айыппұл жүйесі іске қосылады

Түркістан облысында жолдардың мерзімінен бұрын тозуына себеп болып отырған ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілуде. 1 наурыздан бастап Сайрам ауданында орнатылған автоматтандырылған өлшеу станциялары салмақ нормасын бұзған жүк көліктеріне айыппұлды автоматты түрде рәсімдей бастайды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірде 36 784 ауыр жүк көлігі тіркелген. Соңғы екі жылда шамадан тыс жүк артқан көліктердің салдарынан жол инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келген. Мәселен, жүк көліктерінен жылына түсетін салық көлемі 85,4 млн теңгені ғана құраса, жолдарға келетін орташа жылдық залал 12,3 млрд теңгеге жеткен.

Ауыр салмақты көліктердің қозғалысын шектеу мақсатында 2025 жылы облыс аумағында екі автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылған. Олар Арыс қаласына қарасты КХ-8 «Өзбекстан Республикасының шекарасы – Шардара – Арыс – Темірлан» және КХ-92 «Арыс – Монтайтас» автожолдарында орналасқан. Бұл жүйелер арқылы анықталған құқықбұзушылықтар «Жол және салмақ бақылау» ақпараттық жүйесі арқылы ҚР Бас прокуратурасының әкімшілік құқықбұзушылықтар тізіліміне автоматты түрде енгізіледі. Қазіргі таңда 2 720 заңбұзушылық тіркеліп, жалпы сомасы 437,1 млн теңге айыппұл салынған.

Биыл Сайрам ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек – Ақсу – Шаян – Мыңбұлақ – М-32» жолының Қарамұрт пен Ақсукент елді мекендері маңында, сондай-ақ KXSR-16 «Ақсу – Көмешбұлақ» жолының Әйтеке би ауылы тұсында жаңа автоматтандырылған өлшеу станциялары орнатылды. 1 наурыздан бастап бұл нысандарда айыппұлдар ЕРАП жүйесі арқылы есептеледі.

Сонымен қатар, 2026–2028 жылдар аралығында жергілікті маңызы бар автожолдарда тағы 11 автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жоспарланып отыр. Бұл шаралар жол сапасын сақтау мен заң талаптарын күшейтуге бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкенттік тұрғын туысын өлтіріп, анасының ауласына көміп кеткен

Шымкентте 10 мыңнан астам ит-мысық жансыздандырылды

Түркістан облысында жыл басынан бері 56 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды