Сайлауалды науқан кезеңінде журналистер, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты бірқатар мәселеге түсініктеме берілді.
Заңға сәйкес, журналистер мен блогерлер кәсіби қызметі барысында фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқылы. Адамның келісімінсіз түсірілім жасауға көпшілік іс-шаралар кезінде, оның қоғамдық немесе қызметтік қызметіне қатысты жағдайларда және қоғамдық тәртіпті қорғау қажет болған кезде рұқсат етіледі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілердегі журналистер мен БАҚ аккаунттарын бұғаттамайтынын атап өтті. Ведомство сөз бостандығын негізсіз шектеуге жол бермеу қажеттігін баса айтты.
Сонымен бірге сөз бостандығы ақпараттың анықтығы мен оны таратуға жауапкершілікті талап етеді. Журналистер мен блогерлерге дереккөздерді мұқият тексеріп, масс-медиа, онлайн-платформалар және сайлау туралы заңнама талаптарын сақтау тапсырылды.
Сөз бостандығы мен жауапкершіліктің үйлесуі – заң үстемдігі мен ашық қоғамдық диалогтың маңызды негізі.
