1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Біз бақытты балдырған!» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Іс-шараның мақсаты – балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғап, оларға қамқорлық жасау, сол әрекетті еске салу. Осылайша болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру және оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау көзделді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі атаулы күнге арналған «Қазақстан балалары» атты тұжырымдаманы әзірледі. Соған сәйкес ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 22 мамыр күнін «Отбасында өмір сүру бақыты» деген тақырыптық күн ретінде бекітті. Осыған орай 22 мамырдан бастап 1 маусым аралығында Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен Түркістан облыстық Ыбырай Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы және Түркістан облысына қарасты барлық балалар кітапханаларында мерекелік апталық ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті.
Іс-шараны «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Адырбек, ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР-ның Құрметті журналисі Роза Нарымбетова, ҚР Журналистер одағының, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, Білім және ғылым министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі иегері Несіпкүл Өтебаева, сондай-ақ «Түркістан» телеарнасының продюсері Ұлмира Тоқсанбаева ашып, балаларға арналған мерекенің маңыздылығына тоқталып, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Мерекелік кешке Түркістан және Кентау қалалық балалар кітапханалары арнайы кітап көрмелерін ұсынып, шараға өз үлесін қосты.
Кештің қадірлі қонақтарының қатарында Түркістан қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция аға лейтенанты Бағдат Мейірхан да болды. Ол кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде баяндама жасады.
Мерекелік кешке түрлі жастағы балалар, ата-аналар мен қонақтар қатысты. Кеш барысында бүлдіршін оқырмандар ән айтып, би билеп, қызықты ойындар ойнап, ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, ерекше әсер алды.
Кеш соңында кітапхана директоры Рысбек Летаев іс-шараны қорытындылап, өнер көрсеткен оқушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Шара соңында барлық балаларға тәтті сусындар мен балмұздақтар таратылды. Мерекелік шара балаларға шаттық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл күн – балалардың шат күлкісімен, қуанышқа толы сәттерімен есте қалды.