Түркістан облысында оқушыға азғындық жасады деген күдікпен мектеп мұғалімі қамауға алынды, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Жаға ұстатарлық жағдай Қазығұрт ауданында болған. Педагог шәкіртін түн ішінде көлігіне отырғызып, айдалаға алып барған дейді ата-ана. Ал, оны естіген өзге мұғалімдер 14 жастағы қызға тіс жармауды бұйырып, қорқытқан көрінеді. Осыдан кейін мектепке барудан қалған қыз соңғы тоқсанды үйден оқуға мәжбүр болыпты.
Гүлжауһан Медетбекова үш айдан бері қызын тергеуші мен психологқа тасумен жүр. Наурыз айында кенжесін мұғалімі түн ішінде шақырып, азғындық жасаған дейді. Шымкентте серуендеуді ұсынған ұстазға оқушы өз еркімен шығыпты. Сөзіне сендім деген жеткіншек ешкімнен де сұранбаған. Бірақ педагог жолға шыққасын бағытты өзгеріп, қоқыс толы бейтаныс аумаққа алып барыпты.
«Мен сені жақсы көремін» деп сөзі өзгере бастады. Содан соң құшақтап, сүйіп, көкірегімнен ұстап, санымнан ұстады. Сол кезде қолын қайтардым. Машинадан алыстау жерде болған. Не істеп жатқанын білмеймін. Теріс қарап тұрған. Машинадан түсіп, бірдеңе болып қалмасын деген ой болды менде. Сосын мен өзім машинадан түсіп әрі қарай үйге жақын бірінші қиылыстан тоқтаған еді. Үйге бара жатсам үйдің жарығы жанып тұр екен. Үйдегілер мені іздеп жатыр екен», — дейді оқушы қыз.
Қызын іздеген ата-ана полицияға арызданып, оқушы жағдайды тергеушілерге мәлімдепті. Осыдан кейін 14 жастағы қыз мектепке барудан да қалған. Өйткені мектеп мұғалімдері қызымды қорқытты дейді Гүлжауһан Медетбекова.
«Бұлар қазір өздерін қорғап, ағайларын қорғап, директорын қорғап жатыр. Өздерін өздері қорғай беретін болса, сонда оқушылар қайда қалды?! «Біздің екі-үш апай ертең жұмыстан босайын деп тұр. Сен мамаң мен папаңа әр нәрсені айта берме. Бәрібір ертең оқитын мектебің ғой» деген әңгіме айтқан. Менің түсінігімше ол қорқытқанға жатады», — дейді қыздың анасы.
Жұмысшы ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп директоры ұстаз бен шәкірт арасындағы жағдайды жоққа шығармады. Сөзінше 8-сынып оқушысы сабаққа мұғалімдер қысымынан емес, сыныптастарынан алшақтап келмей қойған.
«Біраз көмек қажет ана қызға. Педагогикалық, психологиялық көмек қажет. Сол бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазір жұрттың бәрі біліп отыр. Мектептегі құрбы-құрдастары да біліп отыр. Сондықтан жұрттан алшақтау ұстайды өзін. Қыркүйектен бастап қалыпты жағдайда оқуға тартамыз», — деді мектеп директоры Досбол Жамалов.
Мектеп оқушысына қол жүгірткен мұғалім 16 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ берген екен. 5 бала тәрбиелеп отырған 38 жастағы әке қазір қамауда. Оның үстінен кәмелет жасына толмаған жасөспірімге сексалды әрекет жасау бабы бойынша іс қозғалған.