ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС ӨТТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы Президент Жолдауында қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға ерекше мән беріп, оларды жүзеге асыру бойынша орынбасарлары мен жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді. Түркістан облысында Жолдаудан туындайтын міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау мақсатында өңірлік арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітіледі.
Президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу басым бағыт ретінде белгіленіп отыр. Осы мақсатта «Қазақтелеком» және «Транстелеком» компанияларымен бірлесіп, елді мекендерді интернетпен қамту жұмыстары күшейтіледі. Әр сала бойынша цифрландыруға арналған нақты іс-шаралар жоспары әзірленеді. Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларда қауіпсіздікке бағытталған жасанды интеллектке негізделген бақылау жүйесін енгізу көзделуде. IT мамандарын даярлау үшін қыркүйек айының соңында «Woosong Kazakhstan» IT университеті ашылады. Облыс әкімі аталған оқу орнымен тығыз байланыс орнатып, нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырды.
Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында өңірде атқарылып жатқан нақты жұмыстарға тоқталды. Облыста арнайы инвестиция басқармасы құрылып, 2025–2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңге болатын 111 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. 2025 жылдың алғашқы 7 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 695 млрд теңгеден асып, жоспар артығымен орындалды. Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында шетелдік «HANYA» компаниясымен бірлесіп өндірістік парк салу жұмыстары басталды. Облыс әкімі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияны даму институтына айналдыру бойынша нақты іс-шара жоспарын бекітуді тапсырды.
Н.Көшеров ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілетінін айтып, өңдеу өнеркәсібі саласындағы 60,7 млрд теңгенің 18 жобасын жүзеге асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту көлемін арттыру бойынша тиісті шараларды қабылдауды міндеттеді. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту және агробизнесті қолдауға басымдық берілуде. Су үнемдеу технологиялары 114 мың гектарға енгізілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 216 мың гектарға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін цифрлық форматта әділ үлестіру мәселесі күн тәртібіне шықты.
Кеңес барысында облыстың көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мәселесі де қаралды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойында сервистік инфрақұрылымды дамыту, жол сапасын жақсарту және көлік дәліздерінен қосымша табыс көздерін қалыптастыру тапсырылды. Сонымен қатар «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысын мерзімінде аяқтау – ерекше бақылауда.
Энергетика саласында облыстың тұтынатын электр қуатының 75%-ы сырттан тасымалдануда. Бұл мәселені шешу үшін жалпы қуаты 2,4 ГВт болатын 6 ірі жоба іске асырылуда. Қосымша энергия көздерін тарту міндеті де қойылып отыр. Ауыз су мәселесі де кеңінен талқыланды. Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 763-і (оның ішінде 7 қала және 756 ауыл) немесе 98,1%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз құбыры тартылмаған 38 елді мекен бар, 192 елді мекенде ауыз су кесте бойынша беріледі. Кейбір елді мекендерде су көздерінің дебеті азайған, су жүйелері тозған. Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қабылдануда. Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерді 100% ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы – басты міндеттердің бірі.
Сонымен қатар санитарлық тазалық пен көгалдандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Мәжілісте шағын және орта бизнесті дамыту, цифрлық салық жүйесін енгізу, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларын даму институтына айналдыру сынды бастамалар талқыланды. Адам капиталын дамытуға байланысты жоғары оқу орындары мен колледждерде білікті кадрлар даярлау жұмыстары жүйеленетін болды. Жасанды интеллектке негізделген бағдарламалар мектеп бағдарламасына енгізіледі.
Денсаулық сақтау саласында Ордабасы және Сарыағаш аудандарында перинаталдық орталықтар салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды жедел әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар, 570 көпбейінді аурухананың құрылысын жандандыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынады.
Жиын қорытындысында облыс әкімі Президент Жолдауында қойылған міндеттердің әрқайсысын сапалы әрі тиімді орындау қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Ордабасы ауданының орталығы гүлмен көмкерілді

Түркістан облысында даяшы қыз әріптесін алдап кетті

berdaly_oraz

Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстанға келді