Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі» нарығымен күрес жүргізіп жатыр. Тексеру барысында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады, деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Сондай-ақ жергілікті әкімдікке анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді.
«10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болады. Сонымен қатар Су кодексіне сәйкес, Әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарға жазалау шаралары күшейтіледі», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.