Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7263 тазалық іс-шарасы қолға алынды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды, – деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Жиын барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, көктемгі көгалдандыру және ағаш отырғызу жұмыстары тұрақты бақылауда, сондай-ақ арнайы техника алу мәселесі де назарға алынған.
«TazaQazBot» жүйесіне 1 527 өтінім түсті
Бағдарламаның жүзеге асырылуы бойынша «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 1 527 өтінім қабылданған. Оның ішінде:
- 1 505 өтінім орындалған,
- 22 өтінім орындалу барысында.
Сондай-ақ, қоғамдық орындарда санитарлық талаптарды бұзған 4 487 тұлғаға хаттама толтырылған.
262 елді мекенде санитарлық тазалау жұмыстары басталады
Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жұмыстары бойынша өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте, облыстағы 262 елді мекенде санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу және тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша тиісті шаралар ұйымдастырылады.
Түркістан облысының әкімдігі экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бұл шараларды белсенді түрде жалғастыратынын мәлімдеді.