Түркістанда бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир басталды

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің тұңғыш иегері, түркістандық талантты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған 2007-2008 жылы туған жастар арасындағы халықаралық турнир басталды, — деп хабарлайды Arysinfo.kz тілшісі.

Биыл ХХІII рет өтіп жатқан халықаралық бокс додасына Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Әзербайжан, Қытай, Египет, Сауд Арабиясы, Кувейт елдерімен қатар Қазақстанның барлық аймағынан іріктелген былғары қолғап шеберлері келген. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев көпшілікті құттықтады.

“Баршаңызды тарихи Түркістанда қарсы алғаныма қуаныштымын! Бүгін Түркістан төрінде қазақ спортының жарық жұлдызы, олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған турнир басталуда. Бекзат Саттарханов – халқымыздың мақтанышы! Облысымызда чемпионның атын ұлықтау мақсатында дәстүрлі турнир тұрақты өтіп келеді. Былтыр Бекзаттың атындағы жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Сиднейде алтын медаль алған саңлақтың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Түркістан облысында спорт саласына қолдау көрсетіліп келеді.  Былтыр облыста 73 спорт нысаныны пайдалануға берілді. Елді мекендерде заманауи спорт кешендерінің саны артуда. Түркістанда халықаралық талапқа сай ескек есу каналы, ипподром салынуда.  Аймақта спортты дамыту жұмыстары жалғасады”, – деді Ертай Кенжебекұлы.

Түркістан төріндегі шаршы алаңға талантты боксшылар шығып, тартысты жекпе-жектер өткізуде. Биылғы халықаралық бокс бәсекесінде ерлер 13 салмақ бойынша жұдырықтасса қыздар 6 салмақ дәрежесінде жеңімпаздарды анықтайды. Айта кетейік, бокстан әлем чемпионы Қайрат Ералиевтің айтуынша, IBA талаптарына сай өтіп жатқан бұл халықаралық бокс додасында жеңімпаз атанған спортшыларға спорт шебері атағы беріледі.

Түркістан облысының әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырған бұл халықаралық бокс  додасына жалпы 30 команда, 300-ге жуық боксшы қатысуда. Түркістан облысының жігіттер құрамасы толық құрамда өңір намысын қорғаса, қыздар құрамасы 4 салмақ дәрежесінде ринг төріне көтеріледі.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

berdaly_oraz

АРЫСТА 13 ҚАҢТАРДАН БАСТАП ЗАМАНАУИ AVTOBYS ТӨЛЕМ ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысындағы колледждерде жұмысшы мамандығына басымдық беріледі

Пікір жазу