Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медальдарын тапсыру рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар қатысты. Марапат иелерінің қатарында ҚХА мүшелері мен ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық белесі – татулық пен ынтымақты дәріптейтін маңызды кезең екенін атап өтті.
– Бұл мерейтой – барша халықтың бірлігі мен келісімінің жемісі. Өңірдегі Ассамблея мүшелерінің, этномәдени бірлестіктердің ел ынтымағын сақтау жолындағы еңбегі ерен. Бүгінде «Салауатты сана», «Адал азамат», «Елтану», «Мың бала», «Қайырымдылық керуені», «Жаңа толқын», «Шаңырақ» сынды жобалар табысты іске асып келеді, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жыл басынан бері облыстық Ассамблеяның бастамасымен 27 мыңға жуық адамды қамтыған 440 іс-шара, 15 қайырымдылық акциясы және 134 ақпараттық-насихаттық кездесу ұйымдастырылған.
Мерекелік рәсім соңында марапат иелеріне алғыс білдіріліп, олардың алдағы бастамаларына табыс тілеп, құрмет көрсетілді.