Түркістанда мектеп директорларына арналған облыстық форум өтті

Түркістан қаласында облыстық білім басқармасы мен ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» тақырыбында мектеп директорларының форумы өтті, деп хабарлайды Arysinfo.kz.

Маңызды басқосуға білім бөлімдерінің басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушілері, мектеп басшылары мен 1000-нан астам директор қатысты.

Форумның мақсаты — оқу жылының аяқталуы, атқарылған жұмыстар, білім саласындағы қаржылық жағдайлардың ашықтығын қамтамасыз ету және қаржылық жымқыру фактілерінің алдын алу, көшбасы мектеп директорларын қалыптастыру.

Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Ерболат Балғабаев, облыстық білім басқармасының басшысы міндетін атқарушы Айгүл Қасымбекова, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанар Калгинбаева және орталықтың тренері Анар Балтабекова спикер ретінде сөз сөйледі.

Форумда өңірдегі білім беруді жандандырудың өзекті мәселелері талқыланды. Мұғалімдер білім сапасын арттыруды қамтамасыз ететін тиімді басқарудың нақты құралдары мен әдістерін іздеді.

Бейсенбай Тәжібаев жаңа дәуір талаптарына сай келетін көшбасшы директорлар бейнесін қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Мектеп басшысы – тек басқарушы ғана емес, жаңашыл көзқарас пен педагогикалық үрдістерді терең түсінетін, ұжымды жетістікке жетелей алатын тұлға болуға тиіс. Білім ұясының дамуы жолында алдымен басшының көрегендігі мен ұстанған стратегиялық бағытына байланысты. Сондықтан білім саласында көшбасшылықты нығайту, шығармашылықпен жұмыс істейтін, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылатын директорлар корпусын қалыптастыру – уақыт талабы, – деді ол.

2024-2025 оқу жылының аяқталуы, атқарылған жұмыстар туралы Айгүл Қасымбекова баяндады. Ерболат Балғабаев білім саласындағы қаржылық жағдайлардың ашықтығын қамтамасыз ету және қаржылық жымқыру фактілердің алдын алу бойынша ақпарат берді. Көшбасшы мектеп директорының білім саласындағы алатын орны туралы сөз алған Жанар Калгинбаева олардың бейнесін сипаттап, тәжірибелерімен бөлісті. Анар Балтабекова «Жаңа форматағы мектеп директорының портреті» бағытында баяндама жасады.

Қазіргі таңда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында белсенді жұмыс жүргізуде. Осы жобаға енген 12 тірек мектептің директорларын қолдау мен дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Бұл форум Түркістан облысы бойынша білім сапасын арттыруда директор тұлғасының маңызын айқын көрсетті. Жаңа заман талабына сай директор – жай ғана әкімшілік басқарушы емес, инновациялық көшбасшы, стратег және тәрбиеші. Осы бағытта нақты ұсыныстар мен тәжірибелер ортаға салынып, аймақтық мектеп басшыларына әдістемелік, рухани серпіліс берілді.

Айта кетейік, облыста 922 мектеп бар. Қазіргі таңда 64 мектепте директор лауазымы бос тұр. 8 жылдан астам бір мектепті басқарған 129 директор 2025 жылдың қыркүйегіне дейін ротацияланады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

Арыста «Халық заңгері» республикалық акциясы өтеді

berdaly_oraz

Шымкентте 300 миллион теңге жымқырған үш полицей мен кәсіпкер сотталды

berdaly_oraz

Пікір жазу