Бүгінгі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлініп келеді. Мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамнан тыс сезінбеулері үшін жасалуда. Осы себепті мемлекет тарапынан жасалынатын жағдайлар олардың мүмкіндіктерін де шектеусіз етуге оң ықпал ете алады. Тіпті тағдыр салуымен арбаға таңылған жандардың кең сахнада ән айтып, би билеуіне кедергі емес.
Жуырда Түркістан қаласындағы “Конгресс Холл” кешенінде өткен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз өнер – тең мүмкіндіктер әлемі» атты театрландырылған шара осының айқын дәлелі бола алады. Жиын Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген. Іс-шара — мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және оларды мәдени ортаға тарту арқылы қоғаммен тығыз байланысты нығайтуға бағытталған.
Аталған бастама Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне сай инклюзивті қоғам қалыптастыру аясында қолға алынған. Бұл – әлеуметтік теңдікті насихаттап, ерекше жандардың әлеуетін көрсетуге арналған маңызды қадам. Іс-шара аясында Түркістан өңірінен жиналған балалардың қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы туындылар мен шығармашылық жұмыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, 40-қа жуық баланың қатысуымен мюзикл жанрында театрландырылған финалдық қойылым сахналанды. Жобаның ерекшелігі – барлық қатысушылар кәсіби мамандардың жетекшілігімен дайындық процесінен өтті. Бұл олардың сахнада өз өнерін сенімді көрсетуіне және шығармашылық әлеуетін толық ашуына мүмкіндік берді.
