Түркістан облысында биыл 50-ден астам жаңа коммуналдық жағажай ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Алиханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі су айдындарының қауіпті аумақтарында жүздеген ескерту белгілері мен ақпараттық стендтер орнатылып, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіру жұмыстары күшейтілген.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан су спорт кешенінде жүзуге үйрету сабақтары ұйымдастырылған. Сонымен қатар, жеке бассейн иелерімен бірлесіп, көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларын тегін жүзуге үйрету жұмыстары жүргізілуде.

Су айдындарында полиция қызметкерлері, шекара қызметі, Ұлттық ұлан, орман шаруашылығы мамандары, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысатын тұрақты бақылау шаралары ұйымдастырылған.
Сондай-ақ халық арасында түсіндіру және алдын алу жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, арнайы шомылу орындарының санын көбейту және каркасты бассейндер орнату арқылы тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау көзделген.
Сала мамандары шомылу маусымында ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
