Түркістан қаласында волейболдан жоғары лиганың ерлер командалары арасындағы Қазақстан Республикасының ХХХІІІ чемпионаты өз мәресіне жетті, — деп хабарлайды Arysinfo.kz.
Биылғы чемпионатқа елімізден 9 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Апта бойы өзара мықтыларын анықтаған волейболшылар бәсекесінің нәтижесінде жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болды.
Плей-офф ойындарында еліміздің төрт командасы бас жүлдеге таласты. Бұл сында Түркістан облысының «Тұран», Өскеменнің «Берел», Шымкенттің «Шымкент», Қызылорданың «Қайсар» командалары тартысқа толы ойындар өткізді. Қорытындысында ақтық сынға «Тұран» мен «Қайсар» клубтары жолдама алып, екі жеңіске дейін ойын алаңында жеңіс үшін бар күш-жігерлерін салды.
Тартысты өткен ойында тұрандықтар қарсыластарын екі күн қатарынан айқын басымдықпен ұтып, қатарынан үш дүркін ел чемпионы атанып, өз жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйлады. Ал Қызылорданың «Қайсары» 2 орынды иеленсе, Өскеменнің «Берел» командасы чемпионаттың қола жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ Шымкент қаласының командасы чемпионатты үздік төрттік құрамында аяқтады.