Қаңғыбас иттердің көшеде еркін жүруі бүгінде көптеген елді мекендер үшін өзекті мәселе болып отыр.Күні бүгін ғана Арыс ауданына қарасты Монтайтас ауылында 11 жасар қыз қаңғыбас иттің шабуылынан аман қалды. Қыздың анасы бұл жағдайға алаңдап, жергілікті биліктен нақты шара қабылдауды талап етуде.Бұл туралы Arysinfo.kz тілшісі хабарлайды.
«Қызым мектептен келе жатқанда, алдынан үлкен қара ит шығып, тап беруге шақ қалды. Бақытына орай, қасындағы достары оны құтқарып қалды. Бірақ бұл жағдай мені қатты алаңдатады. Қызым күнде таңертең сабаққа барады, оның өмірі үшін қорқамын. Қаңғыбас,иесіз жүрген иттерді арнайы орындарға орналастырып немесе басқалай шара қолдану керек», – дейді қыздың анасы.
Бұл оқиға қоғамда үлкен мәселені тағы да күн тәртібіне шығарды. Көшеде иесіз жүрген иттер тек балаларға ғана емес, барлық тұрғындарға қауіп төндіруі әсте мүмкін.
Ветеринарлық бақылау әлсіздігі,иттердің стерилизациядан өтпеуі — қаңғыбас иттердің санын арттырмаса,азайпайтыны анық.Қаңғыбас иттер мәселесі, ең алдымен, балалар үшін қауіпті. Кішкентай балалар өздерін қорғай алмайды, ал мектепке барып-келу кезінде иесіз жүрген қабаған иттерге тап болуы мүмкін.
Монтайтастық қыздың жағдайы – осындай қауіптің бір ғана мысалы. Өкінішке қарай, еліміздің түрлі өңірлерінде ит шабуылынан зардап шеккендер туралы жиі естиміз.Тіпті кейбір жағдайларда мұндай шабуылдар қайғылы оқиғаман аяқталып та жатады.
Қаңғыбас иттер мәселесі – тек жануарларды аулау мәселесі емес, бұл қоғамдағы жауапкершіліктің, қауіпсіздіктің және жануарларды қорғау мәдениетінің көрсеткіші. Егер жергілікті билік нақты шаралар қабылдамаса, мұндай жағдайлар жалғаса береді.
Балалардың, қарттардың және қарапайым тұрғындардың қауіпсіздігі – басты міндет. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін қоғам болып бірігіп, жан-жақты әрекет етуіміз қажет.