Арыс қаласында жеке кәсіпкер мен демеушілердің қаражаты есебінен жаңа кәсіби футбол клубы – «Арыс КФК» ЖШС құрылды. Қала әкімі Қайсар Маңқараев клуб құрылтайшысы Арман Пірмановпен кездесіп, команданың алдағы жоспарларын талқылады.
Қала басшысы кәсіби спортқа жеке инвестиция тартудың стратегиялық маңыздылығына тоқталды:
«Жеке инвестордың қолдауымен дербес клубтың құрылуы – бюджет қаржысын үнемдеуге және балалар мен бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіби менеджменттің келуін қолдаймыз», – деді Қайсар Маңқараев.
Клуб құрылтайшысы команданың барлық қаржылық шығындарын – еңбекақы, жаттығу жиындары, іссапарлар – жеке қаражат есебінен қамтамасыз ететінін айтты. Бас демеуші – «Manta Motors» компаниясы.
«Арыс КФК» биылғы маусымда Қазақстан I лигасында өнер көрсетеді. Команда 22 ойын өткізеді: 11 матч Орталық стадионда, қалған 11 матч сырт алаңда жоспарланған.
Еске сала кетейік, 2025 жылы «Арыс» клубы ресми түрде жабылған еді. Жаңадан құрылған «Арыс КФК» бұрынғы ұйыммен байланысы жоқ, толықтай жеке кәсіпкер қаражатымен жұмыс істейтін дербес кәсіби клуб болып табылады.
