Қазақстан – жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын, табиғи ресурстарға бай мемлекет. Ұлан-ғайыр аумағымызда орман да, тау да, шөл мен шөлейт те, өзен-көлдер де қатар орналасқан. Осындай байлықты сақтау – бүгінгі буынның басты жауапкершілігі.
Қазіргі таңда елімізде қоршаған ортаны қорғау мәселесі мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтау бағытында кешенді бағдарламалар жүргізуде.
Осы бағыттағы жұмыстарды өңірлік деңгейде күшейту мақсатында 2025 жылғы 24 қаңтарда «Мамандандырылған «Қорған» жедел қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеме Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы жанынан ашылған. Негізгі міндеті – жануарлар дүниесін қорғау, заңсыз аңшылық пен балық аулаудың алдын алу және табиғатты пайдалану талаптарының сақталуын бақылау.
Инспекторлар аңшылық пен балық аулауға берілген рұқсат құжаттарын тексеріп, заң бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шара қолданады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің №382 және №383 баптарына сәйкес хаттама толтырып, материалдарды құзырлы органдарға жолдайды.
Табиғатты қорғау – ортақ міндет
Дегенмен табиғатты қорғау тек бақылаушы органдардың ғана міндеті емес. Бұл – әр азаматтың борышы. Экологиялық мәдениет отбасы мен білім беру мекемелерінде қалыптасуы тиіс. Балаларға табиғатты аялау, аң-құсқа жанашырлықпен қарау ұғымдарын ерте жастан сіңіру маңызды.

Өкінішке қарай, кейбір адамдар табиғат аясында демалғаннан кейін қоқысты жинамай кетеді немесе аң-құсты ермек үшін атады. Мұндай көзқарас экологиялық тепе-теңдікке кері әсер етеді. Табиғаттың үнсіздігі – оның әлсіздігі емес. Ол – адамзаттың санасына жүктелген жауапкершілік.
Еліміздің бай табиғи ландшафты – болашақ ұрпаққа қалдырылатын аманат. Сондықтан қоршаған ортаны таза сақтау, заң талаптарын орындау және табиғатқа жанашырлық таныту – баршамызға ортақ міндет.
Автор: Сартаев А.,
«Мамандандырылған «Қорған» жедел қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесі инспекторы
