Түркістан қаласында халықаралық талаптарға толық сай келетін жаңа атшабар пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда нысанның ашылу салтанатына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс алаңына арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тағы бір мәрте тексерді. Сәулеттік және инфрақұрылымдық шешімдерге қатысты нақты ескертпелерін айтып, дайындықты жүйелеуді тапсырды.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа ипподром тек спорт нысаны ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін арттыратын маңызды орталыққа айналуы тиіс. Мұнда ұлттық спорт түрлерін дамытуға барлық мүмкіндік қарастырылған.
▪️ Нысан құрылысын «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС жүзеге асырған. Инженерлік инфрақұрылым толық тартылған: электр, су, жылу және кәріз жүйелері жүргізілген. 1500 орындық трибуна, 4 жабық және 2 жазғы қора, сондай-ақ манеж құрылысы аяқталған.
▪️ Атшабар аумағында жылқыларды күтіп-бағуға арналған орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы, бәйге жолы мен көкпар алаңы қарастырылған. Көкпар алаңында тікелей трансляция жасауға арналған LED экран орнатылған. Жалпы алғанда, ат спортының түрлі бағыттарын кәсіби деңгейде дамытуға жағдай жасалған.
▪️ Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында өтетін ашылу салтанаты аясында 10-ға жуық спорт түрінен халықаралық жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, көкпардан әлем чемпионаты, аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» турнирі, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия Кубогы, жамбы атудан республикалық турнир, асық атудан Әлем кубогы және қазақ күресінен «Түйе балуандар» турнирі өтеді. Бұдан бөлек, аламан бәйге мен «Толағай» алыптар сайысы жоспарланған. Сонымен қатар 1000 адамның бір мезетте асық ойнап, рекорд орнатуы көзделіп отыр.
